NUR
Езекиел 40
1Біздің жер аударылғанымыздан кейінгі жиырма бесінші жылдың басында, бірінші айдың оныншы күні, яғни Иерусалим қаласының жау қолына түскенінен кейінгі он төртінші жылы, дәл сол күні маған Жаратқан Иенің рухани құдіреті қонды. Сонда Құдай мені
2Өзі көрсеткен көріністерде Исраил еліне алып барды да, зәулім таудың басына әкеліп тұрғызды. Таудың оңтүстік беткейінде қалаға ұқсас бірқатар ғимараттар орналасқан екен.
3Құдай мені сол жерге алып келгенде, қала қақпасының маңында тұрған біреуді көрдім. Оның түрі қолаға ұқсады, қолында зығыр жіп пен өлшеуіш таяқ бар еді.