NUR
Мысырдан шығу 5
1Бұдан кейін Мұса мен Һарон перғауынның алдына барып, оған былай деді: — Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: «Менің халқымды жібер! Олар айдалаға барып, Маған арнап мейрам өткізсін». —
2Алайда перғауын: — Мен айтқанына құлақ асып, исраилдіктерді жіберетіндей «Жаратқан Ие» деген кім? Мен «Жаратқан Иені» білмеймін де, Исраил халқын жібермеймін де, — деп жауап қатты.
3Бірақ екеуі: — Бізге исраилдіктердің Құдайы аян берді. Енді үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға рұқсат етіңіз. Әйтпесе Ол бізді індетпен не соғыспен жазалайды, — деп нық айтты.