NUR
Заңды қайталау 1
1Бұл — Мұса пайғамбардың бүкіл Исраил халқына Иордан өзенінің шығыс жағындағы иен далада айтқан сөздері. Халық сол кезде Суфқа қарама-қарсы Араба деген елсіз алқапта Паран (атты иен дала) мен Топел, Лабан, Хасирот және Дизахабтың арасында көшіп-қонып жүрді.
2Хориб (яғни Синай) тауынан Сейірдің таулы жеріне апаратын жолмен жүргенде Қадеш-Барниге дейін небәрі он бір күндік жол болатын.
3Ал енді Мұса Жаратқан Иенің исраилдіктерге айт деп бұйырған мына сөздерін (олар Мысыр елінен көшіп шыққаннан кейінгі) қырқыншы жылы, он бірінші айдың бірінші күні жеткізді.