NUR
Патшалықтар 1 28
1Сол күндері філістірлер Исраилге қарсы соғыс ашпақ болып, жасақшыларын жинады. Анхұс Дәуітке: — Біліп ал, сен адамдарыңмен бірге маған еріп, әскерге қосыласың! — деп бұйырды.
2Дәуіт: — Енді қызметшіңіздің не істей алатынын көретін боласыз, — дегенде, Анхұс: — Онда сені өмір бойы жеке басымды қорғайтын сақшым етіп тағайындаймын, — деп жауап берді.
3Бұдан бұрын Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкіл Исраил оны жоқтап аза тұтып, туған қаласы Рамақтағы қабірге қойған еді. Саул аруақ шақыратын барлық бақсы-балгерлер мен сәуегейлерді елден қуып жіберген болатын.