NUR
Нехемия 13
1Сол күні Құдайдың Мұса арқылы табыстаған Таурат кітабы халықтың алдында дауыстап оқылды. Сонда «Ешбір аммондық не моабтықтың ешқашан Құдайдың жамағатына енуіне болмайды» деп жазылғаны анықталды.
2Себебі ежелде исраилдіктер Мысыр елінен көшіп келе жатқан заманда сол екі тайпа олардың алдарынан нан мен су алып шығып қарсы алған жоқ. Керісінше, олар исраилдіктерді қарғасын деп Балағамды шақырып, жалдап алды. Алайда Құдай қарғысты жарылқауға айналдырды.
3Халық Таурат заңында осылай жазылғанын естігенде, (Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын) бөтен жұрттықтардың барлығын өздерінің араларынан бөліп тастады.