NUR
Еремия 34
1Бабыл патшасы Набуходоносор өзінің бүкіл әскерімен және қол астындағы барлық патшалықтармен, халықтармен бірге Иерусалимге және оның айналасындағы қалаларға қарсы соғысып жатқан кезде, Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
2«Яһуда патшасы Седекияхқа бар да, оған хабарымды жеткіз: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен осы қаланы Бабыл патшасының қолына тапсырамын, ал ол қаланы өртеп жібереді.
3Сен оның шеңгелінен қашып құтыла алмай, сөзсіз ұсталып, оның қолына тапсырыласың. Бабыл патшасын өз көзіңмен көріп, ол сенімен бетпе-бет сөйлесетін болады. Содан Бабылға әкетілесің.