NUR
Патшалықтар 3 13
1Алайда Құдай Иенің тағайындаған пайғамбары Оның бұйрығымен Яһуда елінен Бетелге барды. Пайғамбар Еробоғам патша құрбандық үстелінің қасында хош иісті зат түтетпек болып тұрған кезде сол жерге жетті.
2Сонда пайғамбар Жаратқан Иенің өзіне бұйырған мына сөздерін құрбандық үстеліне қарсы қатты дауыстап айтты: «О, құрбандық үстелі, (жексұрын) құрбандық үстелі! Жаратқан Ие мынаны айтады: Дәуіттің әулетінен Жосия есімді біреу шығады. Қазір сенің үстіңде биіктеу жерлердегі табыну орындарының діни қызметкерлері құрбандықтар өртеп, хош иісті заттарды түтетіп жатыр. Бірақ Жосия осы діни қызметкерлердің өздерін сенің үстіңде құрбандық іспетті өртеп жібереді! Сонда үстіңде адамның сүйектері өртелетін болады! —
3Сол күні пайғамбар өзінің хабарының шындығын дәлелдейтін пайғамбарлық сөз айтып былай деді: — Жаратқан Ие көрсететін керемет белгі мынадай болады: құрбандық үстелі қақ жарылып, оның үстіндегі майлы бөлшектердің күлі шашылып қалатын болады!»